Биыл қажалық сапарының құны 4600-4800 доллар аралығында
Олардың арасында отандастарымыздан бөлек, өзге елдің азаматтары да бар. Солардың барлығын қосқанда биыл қажылыққа 3200 адам барады. Елімізден осынау үлкен сапарға баратын жандардың алғашқы легі Алматы әуежайына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құдайға құлшылық жасап, қасиетті жерге жетсем деген арманы іске асқан адамның бірі – Бибәти Солтанқызы. Алпыс жасқа аяқ басқан 1-топтағы мүгедек ана Меккеге күйеуімен бірге бара жатыр.
Алғашқы рейспен бүгін үш туристік фирма арқылы 395 адам ұшпақ. Аталған шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы келіп, сәттілік тілесе, имамдар қажыларға қасиетті мекенде жасалатын құлшылық амалдар мен шарттарын түсіндіреді.
Айтпақшы қажылыққа алғашқы аттанғандардың көбі Қытай азаматтары. Дұңған халқы Мекке, Мединеге Қазақстан арқылы барған тиімді деп отыр.
«Үлкен қажылықты өтеу биыл 9-13 тамыз аралығында өтеді. Джидда және Медине қалаларына барған жерлестерімізді Сауд Араб еліндегі Қазақстан консулдығының қызметкерлері күтіп алып, көмек көрсетеді. Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент және Алматы қалалары арқылы қажылыққа барып қайту сапарының құны биыл 4600-4800 доллар аралығында», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ.