Ақтауда ыстық су жоқ: әкім мен "МАЭК" басшысы сөгіс алды

06.12.2022 в 20:00

Соңғы күндері ауа райының суытуына байланысты су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт төмендеуі байқалған

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласын жылу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда өңір басшысы МАЭК электр станциясының жұмысындағы ақауларды жою бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

"Жағдайға нақты талдау жасалуы керек, сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «Ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез-келген мәселеге ат үсті қарамай кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр", - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.

30 қарашадан бастап Ақтауда ыстық суды тұтыну күрт өскен. Соңғы күндері ауа райының суытуына байланысты су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт төмендеуі байқалған. Ыстық су шығыны жоғарылауының себебі желілердегі ақаулардан су кетуі, жылу желілері арқылы ыстық су ағынын арттыру үшін көп пәтерлі үйлердің жылу блоктарындағы кері қайтарма судың кәрізге ағызып жіберілуі мүмкін.

Кәсіпорын басшылығы су қоймаларындағы су деңгейін төмендету туралы шешім қабылдаған, сол себепті Ақтауға ыстық су беруді шектегені айтылды.

Қаланы жылумен үзіліссіз қамту үшін, ыстық су беруді уақытша шектеу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта мәселені шешу үшін барлық күш жұмылдырылған.