6 маусымнан бастап әл-Фараби даңғылындағы «Есентай» өзені арқылы өтетін көпірді кеңейту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Осы жоба аясында жолдың екі жағынан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандустармен жабдықталған екі вело-жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр. Көпірді кеңейту – 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін; вело-жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысы - 2023 жылдың 15 қазанына дейін аяқталады", - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 23 көшеге, оның ішінде ұзындығы 27,5 км 2 магистральды көшеге орташа жөндеу жүргізу көзделген.
"Биыл маусым айынан бастап 2 магистральды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аяқталуы – 1 қыркүйекке дейін. Бұған дейін жөндеу жұмыстары әл-Фараби даңғылында 2010 жылы, Абай даңғылында 2012 жылы жүргізілген. Сондай-ақ маусым айынан бастап 3 көшені орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қалған 18 көшеде жұмыстар 15 шілдеден басталады. Барлық жұмыс биыл қазан айына дейін аяқталады", - деді қала әкімі.
Қала әкімінің айтуынша, децентрализация аясында аудан әкімдігі маусым айынан бастап аудан көшелері мен жол өткелдеріндегі шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Барлығы 500 млн теңгеге жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 4,0 мың шаршы метр асфальт төселді.