Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыған дейін екеуі аудандағы жұмыс жүріп жатқан айналма жолда, бірі №83 гимназияда (3 тамызда) өткен қала әкімінің Түрксіб ауданы тұрғындарымен 3 кездесуіне 300 адам қатысты. Жалпы, ол кездесуде ауызша және жазбаша барлығын қосқанда 70 сұрақ қойылып, олардың бірқатары тап сол жерде шешілген болатын. Және аталған мәселелер бойынша қала басқармалары мен аудан әкімдігіне түрлі бағыттағы 56 тапсырма берілді. Бүгінге дейін соның 46-ы шешімін тауып, 14-і бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, 10 сұрақ бойынша жұмыстар әлі жалғасуда.
Кездесу аудан әкімі Павел Кулагиннің мегаполис басшысының тапсырмасымен жасалған жұмыстар бойынша есебінен басталды. «Жас қанат» секілді жаңа ықшамаудандардың мәселелері жайлы айта келе, Павел Кулагин: «Ықшамауданда тұрғындар өтініші бойынша топырақ шығару және мешіт маңында көлік тұрағын салуды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді, онда бүгінде 515 шырша, 100 жапырақ тұқымдастар отырғызылды, барлық абаттандыру жұмыстары келесі жылы аяқталады», – деді.
Жиналған жұртшылық алдында сөз алған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев ескі үйлер мәселесіне ерекше тоқталды: «Бүгінде қаланың 50% ескі үйлері (1080 үйдің 508-і) осы Турксіб ауданында орналасқан. «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында жеке инвесторлар есебінен Сауранбаев, Спартак, Чернышевский, Ақынова көшелерінің шаршысында жалпы аумағы 2 940 ш.м құрайтын 62 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталды, тапсырылатын мерзімі 2020 жылдың үшінші тоқсаны. Алайда тұрғындар үйлерін босатуға асығар емес, инвесторлардан қомақты қаражат талап етуде. Солайша олар мәселені шешуді созып отыр», – деді.
Кездесуде қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, ескі үйлер мәселесі, шенеуніктердің бейжайлығы, т.б мәселелер айтылды.
Тұрғындар Бақытжан Сағынтаевтан өз мәселелерінің түп-төркінін анықтап, шешіп беруді өтінді.
Кездесу жайлы толық мәліметті бүгін "Алматы" телеарнасынан шығатын жаңалықтардан біле аласыздар.