Бас мүфти қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады

01.04.2022 15:57

Ертең мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады

muslim.kz

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қадірлі отандастар! Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға кү­те­тін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүрек­­тен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін!» – деді ол.

Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ора­за ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жан­дар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына бо­ла­ды. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.

«Біз талай сындарлы сәттерді бастан кешіп келе жат­қан халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің ар­қа­сында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Алла­ға шүкір, елдігімізді көрсетіп, кешегі «қасіретті қаң­тар» оқиғасын еңсердік. Екі жылға созылған пан­демиялық жағдай кезінде де бірлігімізді көр­сеттік», – деді Бас мүфти.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде қиын­­­­дықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят) дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан айын­да жа­мағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құл­шы­лық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жет­кізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жарату­шы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз.
Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауыр­малдық, кешірім сынды көркем мінезді қа­лыптастыруға тырысады. Өйткені қасиетті айда мұ­сылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер бері­леді. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұт­қан адам­ның алдыңғы және кейінгі күнә­лары кешіріле­ді», – деген сүйінші хабар жеткізген.

«Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жа­сауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазына­лы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық.
Осы ретте кәсіпкер азаматтарды қасиетті ай­дың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қа­жетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.

«Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөле­нетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қал­майық, халайық. Сауабы еселеніп жазылатын айда әр­бір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұста­ған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істе­рімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жері­міз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!» – деді ол.