Қала аудандарының бірінде қонақүй өртке оранды

12.06.2024 15:57

Өрт орнынан 4 газ баллоны шығарылды

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

12 маусымда Алматыда таң ата өрт шықты. Қала аудандарының бірінде қонақүй жанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 12 маусымда, таңғы сағат 6:00-де Алатау ауданы, Қарасу ықшам ауданы, Молодежная көшесінде орналасқан қонақүйден өрт шықты.

- ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәрежедегі шақырту бойынша оқиға орнына 6 минутта жетті. Өрт сөндірушілер 2-қабатты қонақүйдің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады. Өрт бутиктерге таралып үлгерген. Дереу өрт оқпандары жақын маңдағы дүкендер мен жеке тұрғын үйлерді қорғауға берілді, өртті сөндірудің 3 учаскесі құрылып, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді, - деп хабарлады департаменттен.

Қонақүй әкімшілігі мәлім еткендей, адамдар дереу сыртқа шығарылып, өрт орнынан 4 газ баллоны шығарылды.

Өрт 06-45-те оқшауланып, 07-00-де сөндірілді.

Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Өртті сөндіруге ТЖД 21 техника, жеке құрамынан 75 адам жұмылдырылды.

Оқи отырыңыз: Алматының Медеу ауданында көп жылдан бері қордаланған су мәселесі шешілді