Қазақстанда 6 жаңа ХҚКО ашылады

19.02.2019 18:13

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау және қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аударылды

Bnews.kz

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмысы бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 752 қызметтің 506-сы автоматтандырылды. Соның арқасында  қызмет көрсету уақыты 40 процентке қысқарды. Сонымен қатар, қағаз айналымы 60 миллион анықтамаға дейін азайған.

«2018 жылы ел тұрғындарына 30 миллион қызмет электронды форматта көрсетілді. Астана мен Алматы қалаларында 3 көші-қон, 8 мамандандырылған, 16 цифрлық xалыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, биометрикалық деректер жинау жүйесі іске қосылды. Биыл мемлекеттік қызметтердің  80 процентін электрондық форматқа көшіру,  1 цифрлық және 5 көші-қон xалыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отыр», – деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудан түскен пайда  1,1 миллиард теңгені құрады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында  шағын және орта бизнесті қолдау және қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аударылды.

«Мысалы, өткен жылы кедендік рəсімдерді онлайн орталықтан бақылауға, баж төлемін есепке алуды жүргізуге жəне контрабанда деңгейін азайтуға мүмкіндік беретін   «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Кедендік декларацияларды шығару үшін бұрын бірнеше күн және бірнеше сағат қажет еді. Қазір оның бәрі 1 минутқа дейін қысқартылды. Бүгінде жүйеде 859 мың электрондық декларация тіркелген. Соның 85 проценті 1 минут ішінде «жасыл дәліз» арқылы рәсімделген. «Электрондық шот-фактуралар»,  «тауарларды таңбалау» жүйесі іске асырылды. Бұның бәрі бизнес үшін сауда жүргізу жағдайын жақсартуға  және «көлеңкелі» экономиканы азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың нәтижесі бойынша есеп берді. Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру аясында мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейтіп, ақпараттық теxнологияларды қолдануды талап ететін нормаларды тездетіп бітіруді тапсырды.