Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет аудандарындағы су бекеттерінде қауіпті белгіден асып түсіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет аудандарындағы су бекеттерінде қауіпті белгіден асып түсіп жатыр. Өңірде бөгеттерді күшейту жұмыстары жалғасады. Осы өңірде барлығы 500 шақырымнан астам бөгет салынған болатын. Еліміздің өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Ақтөбе облысында 2 елді мекен әлі де көлік қатынасынсыз. Олар азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Үш өңірде 10 күйдіргі көмілген жерді су басқан болатын. Қазір тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дизенфекциялық іс-шаралар жүргізіп жатыр», — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьер дерегінше, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 7 мыңнан астам адам және 1 900 бірлік техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқаркшы органдар күштерімен құралдары тартылды. Жеке ұйымдар мен еріктелер қатысып жатыр.
«Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның 44 мыңы — балалар. Бүгінгі таңда 55 600 адам үйлеріне оралды. Эвакопункттерде шамамен 5 мың адам қалды, туыстарында 58 мыңнан астам адам орналасқан», — деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, су тасқыны салдарынан елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалды. Оның ішінде 3 өңірде 264 үй әлі де су астында қалып отыр. Сондай-ақ 25 921 саяжай учаскесі судан зардап шекті. Оның ішінде 18 025 саяжай үйі бар. Зардап шеккен үйлерді және саяжайларды талдау жұмыстары қазір жалғасып жатыр. Келесі аптада тиісті шығын сомасы белгілі болады.