Небәрі 25 жасында мерт болған жауынгердің артында қалған жалғыз ұлы Зейнолла Уахитов таяуда ғана өмірден өткен
Ресейде қазақ жауынгерінің сүйегі табылды. Бұл туралы Қазақстанның РФ-дағы елшілігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресейдің «Наше наследие» іздестіру бірлестігі қазақ жауынгерінің сүйегін тапты. Ол 1916 жылы туған Уахит Қайырханов екен. Марқұмның туыстарын анықтауға Ертіс өңірінің «Панфиловшылар» іздеу жасағы қол ұшын берді», – делінген ақпаратта.
Белгілігі болғандай, Уахит Қайырханов майданға Павлодар облысынан аттанған. Қаза болғаны жайында 1942 жылы қаралы қағаз келген екен. Бірақ нақты қай жерде жерленгені туралы мәлімет болмаған.
Небәрі 25 жасында мерт болған жауынгердің артында қалған жалғыз ұлы Зейнолла Уахитов та таяуда өмірден өтті. Келіні Айсұлу Уахитова жолдасының өле-өлгенше әкесінен күдерін үзбегенін айтты.
«Сүйегін жеткізе алсақ, ұлының жанына арулап жерлейтін едік»,– дейді ол.
«Әкесін тоса-тоса өзі де кетті, жарты жыл болды. Біреулердің із-түзсіз кеткен әкесінің сүйегі табылыпты десе, «25 жасында қыршын кеткен әкем келмеді-ау» деп, жылап отыратын. Енді мінекей, тағдыр 77 жылдан кейін ұлы мен жоғалған әкесінің сүйегін бір жерде тоғыстырды. Мұндай оқиға бола ма, болмай ма? Соған таңым бар менің», – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айсұлу Уахитова.
«Панфиловшылар» іздеу жасағы осы бағыттағы жұмысты жалғастырады. Екі күннен кейін Халықаралық еске алу жорығына қатысу үшін Тверь облысына жолға шыққалы отырмыз. Ол 1941 жылы Қазақстанда құрылған 100 және 101-дивизиясы ұрысқа қатысып, жеке құрамының 75 пайызын жоғалтқан тарихи жер», – деді Павлодардың «Панфиловшылар» іздеу жасағының жетекшісі Бақытжан Өтепов.