Наурыз айынан бастап Қазақстанның электроны үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне тұру бойынша жаңа қызмет іске қосылды. Бұл қызметтің арқасында қазақстандықтар кезекке тұрып, оны онлайн режимінде бақылай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін азаматтар кезекке тұру үшін әкімдікке баратын. Сонымен қатар кезек тізімі де әкімдікте сақталатын.
"Бұған дейін жер кезегіне тұру және жерді жекеменшікке сату қызметтері порталда жұмыс істемеді. Қазір кезекке тұру автоматтандырылды. Енді азаматтарға әкімдікке барудың керегі жоқ, мұны электронды түрде ала алады. Бар болған компьютер мен электронды сандық қолтаңба қажет", - деді Қостанай облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бас маманы Махаббат Сырғабай.
Басылым мәліметінше, 18 жастан асқан кез келген азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жерді тегін ала алады. Сондай-ақ пәтер, үй немесе жер телімінің болуы маңызды емес. Алайда азамат тұрғын үйді қолданысқа беру жөнінде актке қол қойылған соң ғана жер телімінің иесі атанады. Жер телімін екінші рет тегін ала алмайды.
"Бұл үшін электронды үкімет порталына кіріп, іздеу жолынан қызмет атын жазу керек немесе "Жылжымайтын мүлік" - "Жер қатынастары" бөлімін таңдау қажет. Бұдан соң "Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру" қызметіне өту керек", - деп түсіндірді маман.
Нәтижесінде азаматқа кезекке тұрғаны туралы анықтама беріледі немесе бас тартылғаны туралы хабарлама келеді.
Ресми деректерге сәйкес, Қостанай облысында тегін 10 сотық жер кезегінде 33 мың адам тұр.