Алматыда ұлттық әскери өнер мен музыкаға баулитын дәрістер басталды

20.01.2020 15:59

Жоба Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қолға алынды

Ер қаруы – бес қару. Алматылықтар енді садақ ату, қылыштасу, найза мен шоқпар ұстау сынды әскери өнерді үйрене алады. Мұндай дәрістерді жуырда ғана ашылған «Тұран» этноклубы қолға алып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба ежелгі сақ, ғұн тайпаларының және Қазақ хандығының мәдениетін, ұлттық және әскери киімдерін ел арасында қайта жаңғыртуды көздейді. Сондай-ақ, этноклуб қазақ музыкалық аспаптарын насихаттауды да көздеп отыр.

«Қазақ музыкалық аспаптарды насихаттау жөніндегі жұмыстар жүргізіледі. Яғни сабақ беріледі. Балаларға, студенттерге, оқушыларға, үлкен кісілерге де қобыз, шаңқобыз, домбыра, жетіген, ұрмалы аспаптар яғни бұл болашақта бір үлкен орталыққа айналады деген ойдамыз», – дейді «Тұран» этноклубының жетекшісі Абзал АРЫҚБАЕВ.

Жоба Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қолға алыныпты. Клуб жетекшісі, бүгінде мұндай орталықтардың қоғамға өте қажет екенін айтуда. Әсіресе, этникалық мәдениетімізді жас буынның бойына сіңіру тіптен маңызды дейді. Қазірдің өзінде, мұнда оннан аса жас жеткіншек тәлім алып жатыр. Балалар этноклубқа 5-6 жастан қабылданатынын айта кетейін.