Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 04:13-те Байқоңыр ғарыш айлағы 31-ші алаңының «Восток» ұшыру кешенінен Фрегат» үдемелі блогы және OneWeb британдық 34 ғарыш аппараты бар «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы ұшырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін зымыран-тасығышты ұшыру техникалық себептерге байланысты екі рет кейінге шегерілген болатын. Ал бүгінгі ұшыру сәті Роскосмостың телестудиясынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Тікелей репортажды жүргізушілердің ақпаратына сәйкес, зымыран штаттық режимде ұшырылды. «Союз 2.1 б» зымыран-тасығыш сатысының бөлінуі ұшу циклграммасына сәйкес болды.
Зымыран ұшырылғаннан кейін 10 минуттан соң спутниктер топтасы бар басты блок орбитаға шықты. OneWeb төмен орбиталды ғарыш аппараттары жер бетіндегі тұтынушыларды тікелей спутник байланысы арқылы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге арналған.
Бүгінге дейін орбитаға 254 ғарыш аппараты шығарылған болатын. Енді тағы 34 спутниктің шығарылуымен олардың саны 288-ге жетеді. Компания жалпы саны 500-ден астам спутникті Жер айналасындағы орбитаға шығарып, оларды коммерциялық мақсатта пайдалануды көздеп отыр.