Алматыда Бауыржан Момышұлы бейнеленген мурал салынды

26.10.2021 20:26

Мурал Момышұлы көшесінің бойындағы «Ақбұлақ» ықшамауданында орналасқан үйлердің бірінің қабырғасына салынған

Манас Қайыртайұлы

Алматыда Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы бейнеленген мурал салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мурал Момышұлы көшесінің бойындағы «Ақбұлақ» ықшамауданында орналасқан үйлердің бірінің қабырғасына салынған. 

Момышұлының мірдің оғындай нысанаға дәл тигізер сөздері бүгінде халық арасында кең тарап, қанатты сөзге айналып кетті. Екінші үйдің қабырғасында батырдың «Ерлік тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» деген қанатты сөзі жазылған.

Айта кетсек, мурал «Бюджетке қатысу» жобасының аясында салынып отыр. Алматылықтар budget.open-almaty.kz сайтындағы бастаманы жүзеге асыру үшін дауыс берген.

«Мурал салу жобасы «Халықтық бюджетке қатысу 2020-2021» жобасы аясында ұсынылды, оған Алматы қаласының тұрғындары дауыс беру арқылы қолдау көрсетті. Жоба авторы – алматылық тұрғын. Мердігер ұйым мен суретші ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс әдісімен таңдалды», – деді Almaty.tv тілшісіне Алатау ауданы әкімдігінің көріктендіру бөлімінің басшысы Еділжан Нарматов.