Қойылатын талап: отыратын орындар саны нысан ішінде – 30-дан, жазғы алаңда 30-дан аспауы қажет
Нұр-Сұлтан қаласында карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету бойынша елорданың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 11 қыркүйектен бастап:
- қаладағы бизнес-орталықтар (нотариус, адвокат бухгалтер және консалтинг қызметтері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктер, сот орындаушылар, туроператорлар және т.б.) санитарлық-профилактикалық шараларды қатаң сақтай отырып, жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді;
- театрлық қойылымдарды өткізуге тыйым салу пункті «аттракциондары бар бассейндердің жұмысына тыйым салу» сөздерімен толықтырылды. Осы ретте, аттракциондары бар бассейндерінің жұмысына тыйым салына отырып, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығындағы «SkyBeachClub» жағажай клубының қызметіне рұқсат берілді. Демалушылардың саны сыйымдылығынан 50% аспауы тиіс;
- қоғамдық тамақтану орындары (мейрамханадар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Қойылатын талап: отыратын орындар саны нысан ішінде – 30-дан, жазғы алаңда 30-дан аспауы қажет. Үстелдер арасындағы 2 метр қашықтық сақталуы тиіс. Бір үстел басында 4-6 адамнан отырғызуға болады. Бұл ретте, тұрғын үй ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін ғана істейтін болады. Барлық қоғамдық тамақтану орнында ұжымдық, салтанатты, отбасылық және өзге де көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
- қалааралық, облысаралық автобустар мен шағын автобустар қайта жүре бастайды;
- білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған орталықтардың, балаларды дамыту орталықтарының (алдын ала жазылу бойынша, 15 адамнан аспайтын топта) қызметі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін істейтін болады. Бұл ретте, аталмын мекемелер демалыс және мереке күндері жабық болады;
«Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы қабылданып жатқан шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпарат таратуды қамтамасыз етсін. Адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімнің маңыздылығы түсіндірілсін. Осы Қаулы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, кәсіпкерлік субъектілері мен қала тұрғындарына жеткізілсін. Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық басқармалары Полиция департаментімен бірлесе отырып, Қаулының орындалуына қатаң бақылау жүргізсін. Меншік формасына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғалар Қаулыны орындауға міндетті. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді»,– делінген елорданың бас санитар дәрігері Ж.Пірәлиеваның Қаулысында. Айта кетейік, Қаулы 11 қыркүйек күні мақұлданған.