Бір-бір жарым айдың ішінде жаңа бағдарлама толығымен дайын болмақ
Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «7-20-25» шарттарымен көліктерді сату бағдарламасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде біз Ұлттық банк пен Қазақстанның Даму банкімен аталған бағдарламаны пысықтап жатырмыз. Меніңше, бір айдың ішінде оны рәсімдей аламыз. Содан кейін іске асыру шаралары басталады. Алайда бағдарламаның қаржысы әлі түскен жоқ. Себебі мамандар оның негізгі шараттарын сараптап жатыр. Пайыздық мөлшерлеме, негізгі кезеңдері, іске асыру тетіктері - осының бәрін жан-жақты қарастырып шығу қажет», - деді А.Лаврентьев. Оның айтуынша, бір-бір жарым айдың ішінде жаңа бағдарлама толығымен дайын болады.
«Жаңа бағдарлама Ұлттық банкпен бірлесіп, іске қосылады. Қазіргі кезде оның барлық параметрлері талқыланып жатыр. Сосын тиісті органдармен келісіп алу қажет. Бұған дейін бізде бір автонесие бағдарламасы қолға алынған болатын. Тура сондай механизммен жаңа бағдарлама да іске қосылатын болады», - деп атап көрсетті Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті.
Айта кетейік, 2015 жылы 4 пайыздық автонесие бағдарламасы қолға алынған болатын. Содан бері бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында 13 245 отандық автокөлік жеңілдікпен сатылып, 747 коммерциялық теxника лизингке берілді. Ағымдағы жылы 19 ақпанда Үкімет 4 пайыздық автонесие бағдарламасына қосымша 10 миллиард теңгені бөлу туралы қаулыны қабылдаған болатын.