Сотталушының ағасы інісін кінәсіз санайды
Ақтөбеде 25 жастағы екі жігіт жасөспірім қызға зорлық көрсетті деп айыпталып, бас бостандығынын айырылды. Алайда сотталушының ағасы інісін кінәсіз деп есептейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сот үкімімен ҚР ҚК-нің 120 бап 3-бөлігі және 121 баптың 3- бөлігімен айыпты деп танылған Айсұлтан С. 12 жыл, Асылжан Қ. 13 жылға бас бостандығынан айрылды.
Алайда сотталушы тарап сот үкімімен келіспейді. Айтуларынша, қыздың да кінәсі бар.
«Асылжанның ағасымын. Інімді абақтыға қамаған оқиға 2018 жылдың желтоқсанында таңғы сағат 4 шамасында болды. Сол оқиғамен әлі күнге соттасып жүрміз. Інім Сазды ауданындағы ағамның ойын клубында Айсұлтан деген досымен отырады.
Олар сол жерде VIP кабинаға жөндеу жұмысын жасап жатты. Сол жерге құрбысымен Гүлназ есімді 16 жастағы қыз келген. Қыздар клубқа түнгі сағат 3:30-да мас күйде келген. Құрбысы қайтып кетіп, Гүлназ екі жігітпен бірге қалып қойған. Үшеуі бірге ішкен, кейін қыз «мені зорлады» деп арыз түсірген», – дейді сотталушының ағасы Қалижан Құлбасов.
Сотталушының ағасы інісін кінәсіз санайды. Оның сөзінше, бойжеткеннің жеңіл жүрісті екенін олар кейін білген.
«Қыздың дұрыс емес адам екенін кейін білдік. Осы уақытқа дейін оның түнгі клубтарда шешініп билеп жүргенін құрбысы айтып берді. Мамасын тыңдамай темекі тартады екен. Әуелі көңіл көтеру үшін қыз бұлардан 5 мың теңгеден сұраған. Сосын танымайтын адамдармен бірге ішкен. Айсұлтанмен келісіп VIP залға кетіп қалған. Енді келіп осындай қыздардың кесірінен екі жігіттің жастық шағы түрмеде өтпек», – дейді сотталушы жігіттің ағасы.
Сот материалында зорлау дерегінің дәлелденгені жазылған. Оқиғаға қатысқандардың барлығы да мас күйде болған. Сот жасөспірім қыздың анасын әкімшілік жазаға тартты.