Қар барысын түсіретін фототұзақтарды ұрлағандар қатаң жазаланады

12.02.2019 16:04
yandex.kz

Табиғат қорғаушылары Іле Алатауындағы қар барыстарын түсіретін фототұзақтарды ұрламауға кеңес берді. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Ержан Еркінбаев Инстаграмдағы парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін қар барысын қорғау қоры мен зоология институты жүргізген мониторингтің алғашқы нәтижесі жарияланды. #snowleopardfoundation @snowleopard_kz! Барыс келіп суретке түсіп кетті! Мүмкіндігінше фототұзақтарды көбейтсек, қызыл кітапқа енген жануардың неге азайып кеткенін анықтай аламыз! Одан бөлек обьективке заңсыз аңшылық жасау деректері, браконьерлердің түрлері, көлік нөмірлері түсіп қалуы мүмкін. Аса қорғаудағы табиғат аясындағы жануарларды өлтірмеңіздер, күшіктерін ерткен аналықтарды қырмаңыздар, түн ішінде фар қолданбаңыздар. Аңды азық болатын көлемнен асыра өлтірмеңіздер. Фототұзақтарды да ұрламаңыздар, себебі ол сервер арқылы сіздің суретіңізді орталыққа жіберіп үлгеруі мүмкін. Бұл жағдайда жаза қатаң болмақ», - деді Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, жазға дейін Зоология институты мен Қар барысын қорғау қоры бірігіп үлкен жұмыс атқармақ. Олар жазға дейін әр шатқалды аралап, барыстардың өмір сүру циклін зерттеп, генетикалық талдау жүргізу жоспарланған.

«Олар көп емес. Ары кетсе, 30-40 бар шығар. Олардың әрқайсысын түрлі қауіптен қорғауға болады», - деді Е.Еркінбаев.

Мұның алдында Алматыда қар барыстарының популяциясын зерттейтін ғылыми экспедиция құрылатынын хабарлаған болатынбыз.

Экспедиция құрамына 10 мүдделі адам кіреді. Зерттеу ұйымы мүшелері видео, фото, GPS құралдармен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, қар барысын қорғау қоры Алматы тауларында мекендейтін әрбір қар барысына ID паспорт беріп, ат қоятынын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, жақында аталған қор түз тағысына арналған жойылудың аз-ақ алдында тұрған қар барысына арналған зообақ ашпақ.      

Теги: табиғат