Алматы әкімінің өз ұсыны бойынша «Кемел» шағынауданында өткен кездесу алдымен Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымовтың есебінен басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыдан тура 105 күн бұрын өткен алғашқы кездесуде Бақытжан Сағынтаев бірқатар тапсырмалар берген болатын. Аудан әкімі солардың қалай орындалғанына тоқталды.
«Ескі үйлер» бағдарламасы бойынша 117 үй сатып алынды, «Жасыл Алматы» бойынша 500 ағаш, қосымша тағы 4000 ағаш отырғызылды. Тұрғындардың қоғамдық көлік жетіспейтіні жайлы шағымы бойынша №46 және №56 бағыттар ұзартылды және жаңа жылдан бастап «Кемел» шағынауданынан Райымбек даңғылына дейін жаңа бағыт қоспақпыз. 6 мектепте 300 балаға арналған тегін қазақша күрес секциясы ашылды», - деді Мақсат Қиқымов.
Содан кейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірден сұрақ-жауапқа кезек берді. Тұрғындар пәтер иесі кооперативі, ескі үйлерді сүру, жылу мен ауыз судың жоқтығына шағымданды.
Сондай-ақ мектептердегі орын тапшылығы да айтылды. Оған әкім бүгінде қала бойынша 30 мың орын тапшы екенін, егерде осы кезде ешқандай шара қолданылмаса, бірер жылда 50 мыңға жететінін түсіндірді. Сондықтан жаңа мектептердің құрылысы басталып кеткенін, бас-аяғы 1-2 жылда бұл мәселенің толық шешілетінін айтты.
Тұрғындар кездесуде көкейдегі сұрақтарын қойып, жауабын дәл сол сәтте алып жатыр. Жетісу ауданы тұрғындарымен болған кездесу жайлы толық мәліметтерді «Алматы» арнасында 13.00, 15.00-де және кешкісін 19.00 мен 19.30-да берілетін жаңалықтардан біле аласыздар.