Кеште жас әртістер Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқып, сахналық қойылымдарын тарту етті
«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла». Темірбек Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясы ұлы ақын, философ, ағартушы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған әдеби музыкалық концерт ұйымдастырды. Кешке еліміздің түкпір-түкпірінен мәдениет, өнер саласының қайраткерлері келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шара Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқудан басталды. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы әдебиет пен мәдениетке, өнерге тікелей қатысы бар жоғары оқу орны ретінде Абайдың мерейтойын тиісті деңгейде атап өтуден қалыс қалған жоқ. Студенті мен оқытушы құрамы бар, күллі ұжымның қолдауымен әдеби -музыкалық кешті Әуезов атындағы қазақ драма театрында өткізді.
«Алыс-жақын, Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс жасайтын шетелдің көбінде Абайдың жылы аталып өтіп жатыр. Абайдың қара сөздері, өлеңдері, Абайдың даналығы, данышпандылығы барлық жерде жарқырап тұр. Жамбыл атамыз айтады екен: «Ай - ортақ, күн - ортақ, жақсы адам - ортақ. Абай - баршамызға ортақ. Ортақ мереке құтты болсын», – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан ӘБДУӘЛИЕВ.
Әдеби кешке Батыс Қазақстан облысының мәдениет қайраткерлері де келді. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының еңбек сіңірген қайраткерлері Абай мұраларының құндылығына ерекше тоқталып өтті.
«Абай атамыздың шарасы өткелі жатқан бұл оқу орны әдеби танымдық шара болғаннан кейін, үлкен-үлкен жетістіктер, табысты, осындай халыққа өнерін паш ете беретіндей жұлдыздарды, шәкірттерді тәрбиелей берсін деп тілейміз. Биылғы жылы Абай атамыздың жылы ойдағыдай жоғары деңгейде өтеді деген ойдамыз», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ербол ЕСЕНДОСОВ.
Биыл – еліміз үшін мерейлі жыл. Ұлы Абайдың 175 жылдығы тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де аталып өтуде. Ұлы ақынға деген құрмет ерекше. Ел-елде ескерткіштер ашылып, хакім Абайдың даналығы кеңінен насихатталуда.
«Абайды ел ғұлама-философ деп таниды. Бір Жамбылдың берген бағасының өзі жететін сияқты. Жамбылдан «Абай қандай ақын?» деген кезде: «Ол ақын ба екен? Ол – Пайғамбар ғой» деген. Сондықтан міне, биыл «Поэзия Пайғамбарының» жылы өтіп жатыр», – деді Қазақстанның халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ.
Шараға Алматы қаласы мен облысының ұстаздары да қатысты. Олар жастарға үлгі боларлық әдеби кештің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Абайдың ұлағаты, Абайдың сөздері, өнегесі - біз енді білеміз, дегенмен балаларға жақсы үлгі болады деп сенемін. Осы концерттен балалар жақсы ғибрат алып кетуіне тілектеспін», – деді «Төңкеріс» ауылының ұстазы Гүлшара МҰСАБАЕВА.
Кеште жас әртістер Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқып, сахналық қойылымдарын тарту етті. Жас буынның Абайды танып-білуге деген ынтасы дайындықтарынан-ақ көрініп тұр. Айта кетейік, Әуезов театрының сахнасында да бұл күндері Абайдың пьесаларын тамашалуға болады.
Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы