Америкада "Біріккен Алаш" қоры құрылды

30.04.2022 16:07

Мекеме Нью-Йорк штатының Лоң Айланд округіне қарасты Nassau ауданында тіркелген

kazunite.com

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында қазақ тілі мен мәдениетіне қызмет етуді көздеген "Біріккен Алаш" (ағылшынша атауы United Alash) қоры құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі kazunite.com сайтына сілтеме жасап.

Қордың құрушысы Ұланбатыр Бақытханұлы ҚХР-ға қарасты Алтайда туып, бірнеше елде білім алған. Қазіргі таңда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Coldwell Banker American Homes компаниясында жұмыс істейді. 

Оның айтуынша, күллі Алаш мүддесін көксеген ұйым таяуда заңды түрде тіркелген. Алайда АҚШ заңдарында талап еткен барлық шарттар бойынша сертификатын алып, қызметін бастады.

Мекеме Нью-Йорк штатының Лоң Айланд округіне қарасты Nassau ауданында тіркелген. Дегенмен заңды өкілеттігі бойынша АҚШ көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жұмыс істей алады.

Бекітілген ережелері мен жарғысына сәйкес, қор қайырымдылық және марапат жұмыстарымен айналыса алады.

"Біз 2019 жылы 11 желтоқсанда Нью-Йорк университетінде өткен АҚШ-тағы Алаш жастарының құрылтайында жасаған топтық зияткерлік атты баяндамада Америкадан Алашты біріктіретін United Alash деген қор құру жайын арнаулы атаған едік. "Қай қиырда жүрсе де, жүрегі қазақ елі деп соққан азаматтардың басын қосып, бірге жұмыс істесек, Қазақстанымызға арқау болсақ" деген ой еді. Әрине, бастысы кешегі Алаш арыстарының ізін жалғау, ел бақытына қызмет ету болатын. Аллаға шүкір, сол мақсатымызға қадам басып отырмыз", – деді Ұланбатыр Бақытханұлы.

Бүгін ғана қызметін бастаған қордың құрылтайшылары – Нәзира Байырбек, Сержан Болат және Ұланбатыр Бақытханұлы.

Алып Америкада іргесін қалап, АҚШ заңдары шеңберінде қазақтың ұлы мұратына қызмет етуді көздеген ұйым дүние жүзіндегі барлық белсенді азаматтармен, белсенді мекемелермен бірлесіп, қазақ тілі мен дәстүрінің, қазақ мәдениеті мен өркениетінің дамуына үлес қоспақ.