Алматыда Бақытжан Сағынтаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті

05.12.2019 16:08

Бұл – мегаполис басшысының тұрғындармен екінші кездесуі

Бүгін Алматы әкімі қаланың ең жас Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев қаланы дамытуға бағытталған нақты шараларға тоқталды. Ең өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешілетінін айтты.

«Мәселелер бірден шешіле салмайды,кешенді түрде шешілетін де мәселелер бар. Мәселен ауызсу сияқты оған біршама уақыт керек. Біздің «Үлкен Алматы» жобасын қолға алғанымыз бекер емес. Соған сәйкес, 5 жылда 800 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отырмыз», - деді әкім.

Сондай-ақ шаһар басшысы ең үлкен мақсат – Алматыны әлемнің ең үздік 100 қаласының біріне айналдыру екенін ерекше атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев көшелерді жарықтандыруда тағы да ілгерілеушіліктердің барын айтты.

«Осыған дейін біз 208 көшеге шам орнаттық десек, бүгінде оның саны 260-қа жетті. Келесі жылы біз қаладағы барлық жарыққа қатысты мәселенің бәрін шешіп, мәселеге қайта оралмайтындай етіп, түбегейлі жабамыз», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкім мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығына қатысты да мәселелерге тоқталды. Көптеген мектептердің құрылысы басталып кеткенін айтқан ол келесі жылы алғашқы 8 мектептің тапсырылатынын айтты.

«Бұл тек басы ғана. Осы қарқынмен біз алдағы 3-5 жылда Алматы қаласы мектептердегі орын тапшылығын толығымен жоямыз. Сондай-ақ Алматыда 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы бойынша да орын тапшылығы бүгінде 84%-ды құрайды. Осы мәселені шешу үшін біз «Жаңа Алматыны» дамытудың кешенді жоспарында жекелеген инвесторлармен бірге 400 балабақша ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Бақытжан Сағынтаев.


Кездесуде әкім 67 адамның 108 сұрағына жауап берді.


Бақытжан Сағынтаевтың Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі жайлы толығырақ «Алматы» телеарнасында сағат 13:00, 15:00, 19:00 және 19:30-да болатын жаңалықтардан тамашалай аласыздар.