Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жеке мәліметтердің желіге таралып кетуіне қатысты пікір білірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қазіргі кезде құқық қорғау органдары осы мәселемен айналысып жатыр. Олар бәрін егжей-тегжейлі қарауда. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша барлық ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады. Бұдан бөлек, бүгінде біз министрлікте ақпараттық қауіпсіздік комитеті негізінде жеке мәліметтермен айналысатын комитетті құруды көздейміз. Аталған құрылым жеке мәліметтерді қорғайтын болады. Соның арқасында жаңағы жағдайларды барынша азайтуға болады», - деді Жұмағалиев журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, кибер шабуылдарды талдау және зерттеу орталығының мамандары (КШТЗО) интернетке 11 миллион қазақстандықтың дербес деректері шығып кеткенін анықтады. Киберқауіпсіздік саласының мамандары ашық желіде жарияланған дербес деректерді өткен аптада кездестіріп, ол жайында Telegram арнасында хабарлады.
«Өткен аптада КШТЗО мамандары желіде ірі көлемде жеке мәліметтердің шығып кеткенін анықтады. 11 миллион адамның, яғни елдегі кәмелетке жасына толған халықтың барлығының толық ақпараты сақталған база жалпыға қолжетімді Интернет желісінде тұр. Кез келген адам жүйеге еркін кіріп, оны толығымен өзіне жүктеп ала алады», - деп жазылған хабарламада.
Сарапшылардың айтуынша, базадағы деректер – жаңа, олар жарты жыл бұрын ғана өзектендірілген. Оны қылмыскерлер – алаяқтар пайдаланып кетуі мүмкін. Ақпарат Интернет қолданушыларына қанша уақыт қолжетімді болып тұратыны әзірге белгісіз.
«Деректер қалай жарияланып кеткені анықталып жатыр», - деп жазылған орталықтың хабарламасында.
Сондай-ақ, кибер шабуылдарды сараптау және зерттеу орталығының мамандары мән-жайды білу үшін құзырлы органдарға шағымданды.