Анасы байлап ұстаған 2 жасар бүлдіршін ауруханада жатыр

Анасы байлап ұстаған 2 жасар бүлдіршін ауруханада жатыр
Ажырасып кетіп, анасында қалған баласын көруге келген әке оның байлаулы тұрған үстінен түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында анасы байлап ұстаған 2 жасар бүлдіршін ауруханадан бір-ақ шықты. Бұл туралы өңірдің дәрігерлері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келес аудандық ауруханасы дәрігерлерінің сөзінше, бүлдіршін 16 қаңтардан бері емдеу мекемесіне жатқызылған.

«Садық Абдынұр 2020 жылдың 16 қаңтарында Келес аудандық ауруханасының балалар бөліміне жатқызылған. Мальабсорбция диагнозы қойылған бала қазір ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр, бірақ тұрақты», - делінген дәрігерлердің хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін заңгер Құрманғазы Мүсір өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында баланың әкесіне көмектесіп жатқанын, бүлдіршіннің қатты науқастанып қалғанын жазған болатын. «Бүлдіршіннің әкесі ұлының түні бойы жылағанын, тіпті дене қызуы 39,5° дейін көтерілгенін айтты. Медициналық тексерулер жүргізген дәрігерлер балаға «Мальабсорция« деген диагноз қойған. Бұл ауру түрі бауыр мен асқазан қызметінің бұзылуын, олардың үлкейгенін көрсетеді» делінген парақшада.

Заңгер сондай-ақ, әкесінің құқын қорғау үшін Сарыағаш аудандық прокуратурасына баратынын айтқан. Бұл мәселеге орай аудандық прокуратура қызметкерлері балаға сот-медициналық сараптама жүргізіліп, денесінен ешбір ұрып-соғу белгілері анықталмағанын айтады. Әкесі баланың байлаулы тұрған жерін түсіргеннен кейін, перзентін үйіне әкетіп қалған болып шықты. Содан бері анасы баласын қайтара алмай, оның қорғаушысы прокуратураға арыз түсірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде 2 жасар бүлдіршіннің аузы тұмшаланып, қолы байлаулы отырғаны туралы бейнежазба тарап кеткен болатын. Кейіннен бұл жағдай Сарыағаш ауданында тіркелгені анықталды. Бүлдіршіннің ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін, бала анасында қалған. Оны көруге келген әкесі баласының байлаулы тұрғанын байқап, ұялы телефонына түсіріп алған. Қазіргі таңда бұл іс бойынша құзырлы органдар тексеру шараларын жүргізуде. Ал, ата-анасы баласына таласып, сотқа арызданып жатыр.


Новости партнеров