Түркістан облысында әпкесі мен інісі 25 жылдан кейін қайта қауышты

29.01.2022 16:20

Туыстары құлдықта болған жігітті өздігінен іздеп, осы уақытқа дейін таба алмай келіпті

Түркістан облысының тұрғыны 25 жыл бұрын жоғалып кеткен інісін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полицияның мәліметінше, әуелі жергілікті азамат Төле би ауданына қарасты ауылдардың бірінде әлдекімдердің жас жігітті құлдықта ұстап отырғаны туралы хабар берген. Кейін тәртіп сақшылары арызда көрсетілген мекенжайға шұғыл барып, жәбірленушіге көмек көрсетіпті. Полиция аз уақыт ішінде оның үлкен әпкесін тауып, бауырларды бір-бірімен қауыштырды.

Жәбірленушінің айтуынша, ата-анасы қайтыс болғаннан кейін балалар үйіне, кейін интернатқа барған. Артынша қожалық иелерінің азаптауымен шаруашылықтарда 10 жыл бойы жұмыс істепті

Ал әпкесі жоғалған інісін өздігінен іздеп, осы уақытқа дейін таба алмапты. Ата-аналарынан жастай айырылған соң туыс ағасы оның 2 бауырын балалар үйіне өткізген. Сол кезде үлкені 9 жаста, кішісі 4-те болыпты. Кейін кенжесінен қол үзіп, хабарсыз қалған.    

«2020 жылдан бастап іздедім ғой. Ал оның алдында сұрастырып іздегенім болмаса, арыз жазып, ештеңе істеген емеспін. Ең бастысы, таптым. Соған қуаныштымын. Қатты толқып, інімнің табылғанына қуанып тұрмын», - деді жәбірленушінің әпкесі.