Өңірлердегі оқушылар бұзақылығы: ІІМ Жасөспірімдер комиссиясының отырысын өткізуді ұсынды

28.01.2019 22:45

Мектеп оқушыларының арасындағы төбелес өліммен аяқталды. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында оқушылар жұдырықтасып, бір бала көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша қайтыс болған жеткіншекті қатарластары пышақтаған. Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі жасөпірімдер қылмысын азайту үшін ведомствоаралық отырыс өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында профильді министрлік, мектеп басшылары мен ата-аналар бас қоспақ. Оқу орындарындағы әлімжеттік пен төбелесті түбегейлі жоюға бола ма?

Мектеп оқушыларының қатысуымен тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Тәртіп сақшыларының болжамынша, Ақтөбедегі төбелесте көз жұмған Асқар Есмағамбетов есімді оқушыны оны қатарластары пышақтаған. Бұл бірнеше күнде мектеп оқушыларының арасында тіркеліп отырған бірінші дерек емес. Бұдан бөлек Түркістан мен Қызылорда қаласындағы оқу орындарының бірінде оқушыларды аямай соққыға жығып жатқан видео ғаламторда тарап, бүкіл елді шулатқан еді. Соңғы уақытта төбелесу фактілері жиілеген соң бұл мәселемен күресуге Ішкі істер министрлігі тікелей араласпақ.  

«Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облысында орын алған жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын жедел шақырту жөнінде Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізді. Ата-аналарды, оқу орындарының оқытушыларын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында, қылмыстық жауапкершілік жасына жеткендері ойланбай жасаған әрекеттерінің салдарлары туралы хабардар етуге шақырамыз», – деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас САДУБАЕВ.

Шенділер газ, суық қаруды қолданып ұсталғандар 14 жастан бастап жазаға тартылатынын еске салды. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-ші бабында көрсетілген. Бас сақшының орынбасары Ерлан Тұрғымбаев оқушылар арасындағы төбелеске қатысты пікірі білдірді.  

«Мұны менен емес, ата-аналардан сұрау керек деп ойлаймын. Менің ойымша, балалардың тәрбиесіне қатты мән беру керек. Олар оқушылар ғой. Менің де әке-шеше мен ұстаздарға сұрағым бар», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Ішкі істер министрлігінің ұсынысы нақты қашан іске асатыны әзірге белгісіз. Бірақ-ақ барлық отырыстар бірінші кезекте қылмыс болған өңірлерде өтеді деп жоспарланып отыр.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана