Әлемнің 150-ге жуық елін жаяу шарлаған ливиялық Нури Фунас Нұр-Сұлтанға келді

20.02.2020 16:11

Бүгінге дейін 141 мемлекетте болған оның төлқұжатында мөр қоятын орын жоқ

Ол Қазақстанға Жапониядан үш жыл бойы жүріпті. Елорданың боранына түскен саяхаттаушы дәп біздегідей суықты соңғы 3 жылда еш елде кезіктірмегенін жеткізді. Десе де қазақтан асқан қонақжай халықты көрмедім деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ливиялық Нури Фунастың төлқұжатында мөр қоятын орын жоқ. Ол бүгінге дейін бүкіл әлемді жаяу шарлап өткен. Ондағы басты мақсаты - Ливиядан бүкіл әлемге және әлемнен Ливияға бейбітшілік, татулық пен мейірімділік жодауын жеткізу.  

«Осылайша мен дүниедегі мәдениеттің бәрін тани алдым. Бейбітшілік қана бәрін жеңеді. Соғыспен емес, бейбітшілік, татулықпен ғана бәрін шешуге болады деп ойлаймын. Осындай үндеуді айту үшін мен әлемдегі ең биік тауларға шығып, бейне жазамын. Мәселен, Африкадағы Килиманджаро, Непалдағы Эверест, Жапониядағы Фуджи тауларының биік шыңына шығып, үндеу жолдаймын», – деді саяхаттаушы Нури ФУНАС.

Нури Фунас елорданың қақаған боранына түсіп қалған. Десе де, қазақ халқының айрықша қонақжайлылығы мен мейірімділігі жанымды жылытты дейді.

«Соңғы үш жылда Жапониядан Қазақстанға келе жаттым. Ең алғашқы қыс Кашмирде болды. Осылайша бірнеше мемлекетті шарладым. Бірақ Қазақстандағы суық ерекше. Нұр-Сұлтанға 3 шақырым қалғанда жүрісім қиындай түсті. Боран, қар. Бірақ Алланың қолдауы мен қазақ халқының қонақжайлығының арқасында аман қалдым. Қазақтың еті мен сорпасының арқасында десем де болады. Ұлттық тағамдарыңыз тамаша екен. Өте мейірбан халықсыздар. Өзімді қазір ливиялық емес, қазақтың баласындай сезінемін. Себебі қонақта емес, үйдегідеймін», – деді саяхаттаушы Нури ФУНАС.

Әлемді жаяу шарлаған Нури Фунас бүгінге дейін 141 мемлекетте болыпты. Саяхатқа 1999 жылы шыққанда өзімен бірге дәп осы сөмкесі мен мына таяқшасын ғана алып шыққан. Ең алғашқы діттеген жері - Африка еліне Нури Фунас 7 жыл бойы жүрген екен. Дәп осы саяхатты ол ең қауіп-қатерге толы болды деп отыр. Себебі алдынан арыстандар мен жабайы пілдер сияқты аңдар шығып отырған екен.  

Азияда ондай қиындықтар туындамапты. Бір-екі мәрте қасқыр кезіккенін айтады. Жаздың шіліңгір аптап ыстығына да, қыстың қақаған боранына да шыдап келген. Ал саяхаттауға қажетті тиын-тебен мен азық-түлікті сапарлаған елдер мен ондағы елшіліктер беріп, көмектеседі екен. Бүгін Нури Фунас Қазақстандағы Ливия елшілігіне барып, өкілдерімен жүздесті. Кездесуде олар әлемдегі бейбітшілік, татулық сияқты құндылықтар төңірегінде әңгіме өрбітті. Еліміздегі Ливия дипломатиялық миссиясының басшысы қос елдің татулығының белгісі ретінде екі мемлекеттің туы белгіленген төс белгісін тақты.    

«Ол саяхаттау арқылы бейбітшілік елшісі болып отыр. Бүгін міне Қазақстанға, әсем қала Нұр-Сұлтанға келіп отыр. Екі елдегі ауа-райы бөлек болса да, бүгінгі боранды қысты көріп отыр ғой, Қазақстан мен Ливия халықтары өте ұқсас. Біздің дініміз, адами құндылықтарымыз, үлкенді құрметтеу сияқты ізгілікті істеріміз жақын. Сондықтан біздің отандасымыз татулықтың, достықтың үлгісін көрсетіп жатқанына қуаныштымыз. Қазақстанға татулық, бейбітшілік тілейміз! Өркендей берсін», – деді Қазақстандағы Ливия дипломатиялық миссиясының басшысы Ахмед МЕФТА'Х.

Қазақстан – Нури Фунастың Азиядағы соңғы нүктесі. Алматыға жаяулап барып, тауынан үндеу жариялаған соң, Ресей, Украинаға жол тартпақ. Ал бүкіл әлем бойынша саяхаты аяқталған соң, Нури Фунас Ливияға оралып отағасы болуды армандап отыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан