Алматылықтар шаһардың тарихи келбетін сақтап қалуға қатыса алады. Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің инстаграмм парақшасында жариялады. Әкімнің тапсырмасымен көне ғимараттар мен құрылыстардың тізімін жасау жұмыстары басталды. Енді кез-келген алматылық сәулет ескерткіштері санатына енетін ғимараттар туралы өз ұсыныстарын айта алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сіздер білесіздер ме? Республика бойынша ашылған тұңғыш медициналық колледж Алматыда орналасқан. Аталған ғимарат Поль Гурденің жобасы бойынша 1892 жылы бой көтерді. Алғашында шіркеу болды, сосын ал жетімдер үйіне айналды, тіпті бір кездері балалар медициналық мекемесі де болды. Ал, 2016 жылдан бастап Алматы тарихы музейі қызметін атқарып келеді. Бүгінгі таңда мұнда 40 жуық экспонат сақтаулы тұр.
Алматы қала болып қалыптасуының барлық кезеңінде өз ісінің мамандары жұмылдырылды. Ең мықты архитекторлар тартылды. Себебі, шаһар сейсмикалық қауіпті таулы аймақта орналасқан. Бұл тұста мамандар өткен ғасырдың 60 пен 80 жылдары аралығын ең шарықтаған тұсы деп бағалайды. Дәл осы уақытта «Қазақстан» қонақ үйі, Республика сарайы сынды көркі көз тартар ғимараттар бой көтерді.
Қаланың қарбаласында жүріп кейде тарихи ғимараттарға көз салмай жатамыз. Мысалы, Алматы циркі 1970 жылы бой көтерген болатын. Авторы – Владимир Кацев. Алматы циркін салу барысында қаладағы тауларды көрсету, сонымен қатар қазақи нақышқа да ден қойылған.
Бүгінде шаһарда 150-ге тарта мемлекет қорғауындағы тарихи нысандар бар. Оның 118-і жергілікті деңгейдегі болса, қалғаны – республикалық. Жыл өткен сайын өзінің маңыздылығы жағынан архитектуралық ескерткіш қатарына қосылатындардың саны артып келеді. Енді қала халқы архитектуралық ескерткіштер қатарына енетін ғимараттарды өздері ұсына алады.
«Біз мұндай бастаманың қолға алынғанына қуаныштымыз. Өйткені, тарихи ғимараттарды сақтап қалу жөнінде біз осы уақытқа дейін бірнеше мәрте мәселе көтерген болатынбыз. Ең басты ұсынысымыз – іріктелетін ғимараттарға қойылтан талаптарға ден қойылса. Нысанның қашан тұрғызылғанымен қатар, оның тарихи маңыздылығына да мән берілсе екен дейміз», - деді қоғам белсендісі Әнел МОЛДАХМЕТОВА.
Алматының тарихи келбетін сақтап қалуға атсалысамын деушілер қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтындағы «Бірегей ғимарат» айдарында мағлұмат қалдырса болады.
«Өздері қалаған ғимараттың суретін түсіріп, егер тарихын білсе, тарихын жазып жіберсе. Өздері ұсыныс жасай алады. Ол сосын осы ғимараттарды іріктеп алу үшін эксперттік коммиссия құрылған. Сол коммисияның құрамымен қаралып, соның нәтижесінде қай ғимараттарды кіргіземіз, қай ғимаратты кіргізбейміз сол туралы шешім қабылданатын болады», - деді Алматы Бас жоспар институтының бас кеңесшісі Жанат АЙТІЛЕУ.
Өз кезегінде бұл бастамаға халық та білек сыбана кірісуге дайын. Себебі, әр тұрғын тасы мен қабырғасы тарихтан сыр шертетін құрылыс нысандары үшін жандары ашиды.
«Қаланың бұрынғы қалпы сақталғаны жақсы. Қазіргі тұрғызылған ғимараттар ешкімге де таңсық емес», - деді бір тұрғын.
«Қонақ ретінде таң қалып жүрмін. Өте әдемі жер. Мен Алматыны бұрын толық көрген емеспін. Бүгін басқа көзбен қарап жатырмын. Көне екені көрініп тұр. Егер көңіл бөлінсе тек қана қолдаймын», - деді келесі бірі.
«Бұл сұлулықты балаларымызға қалдыру керек. Бұл – мәдени-тарихи мұра", - деді келесі бірі.
Әзірге, ұсыныстар қашанға қейін қабылданатыны белгісіз. Десек те, қаланың әрбір тұрғыны мен қонақтарын шаһардың тарихи келбетін сақтауда белсенділік танытуға шықарамыз.