Шымкенттік қолөнерші ағаштан жасалған ұлттық нақыштағы ыдыстарын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы аясында мегаполиске келетін қонақтарға ұсынбақ. Ардақ Күмісбекұлы қолдан қашап, ыдыстың 30-дан астам түрін жасайды. Бүгінде шебер өз өнімдерін Ресей мен Өзбекстан еліне шығаруда. Ал алдағы уақытта Қытаймен келісім-шарт түзбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкент 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы атанғалы Ардақ Күмісбекұлы тынымсыз еңбекке кіріскен. Ұлттық нақыштағы 30-дан астам ыдыстарды жасаумен айналысатын шебер күні-түні шеберханадан шықпайды. Өйткені осындай мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық өнерді көпке тағы бір мәрте көрсетіп қалу. Сондықтан тек қазақы нақыштағы кәдесый дайындап үлгерім керек дейді.
«Менде астаудың 30-дан астам түрі бар. Сондай-ақ бізде қымыз жиынтықтары, кесе, тегене, мен шөміштер де бар. Қазіргі таңда жиһаздарды қазақи сандықтарды, ұлттық нақышпен нақышталған сондай сандықтарды 100 пайыз ағаштармен соны қолға алып жатырмын. Оны шығарамыз қосымша», - деп хабарлайды ағаш ұстасы Ардақ КҮМІСБЕКҰЛЫ.
Ағаштан қашалып, ұлттық оюмен көмкерілген бұйымдарға сұраныс қазір де көп. Әсіресе, астау мен қымыз жиынтықтарына қызығатындар тапсырысты жиі береді. Ал, 14 елден келетін қонақтарды тек ұлттық нақыштағы отандық дүниемен ғана таң қалдыра аламыз дейді шебер.
«ТМД елдерінің мәдени астанасы Қазақстан деген, сосын Шымкент деген атағы есінде қалатындай логотиппен бұйымдар жасадым. Сөйтіп соларды әкімшілікке өткіздім. Алла қаласа, енді көрме болады. Әкімшілік бізге арнап этно ауыл дайындап жатыр. Соның ішінде мен де бармын. Бүгінде сол көрмеге қоятын мыңдаған заттарымды дайындап жатырмын», – деді ағаш ұстасы Ардақ КҮМІСБЕКҰЛЫ.
Қолөнер иесі бұйымдарын емен, шынар, қарағаш, жаңғақ, қайың және қызыл ағаштардан жасайды. Аталған өнер ата-бабаларынан дарығанын айтқан шебердің бұл кәсіппен айналысып жатқанына 7 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде 56 шәкірт тәрбиелесе, соның ішінде бес облыстан келген шәкірттері өз кәсібін ашқан.