Кеңес барысында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған құқық қорғау саласындағы міндеттердің іске асырылу барысымен танысты
Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру – қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу және полицияның сервистік моделін енгізу жөніндегі жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеңес барысында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған құқық қорғау саласындағы міндеттердің іске асырылу барысымен танысты.
Ол қылмыстық процесті жаңғырту жөніндегі пилоттық жобаның бүкіл елге масштабталғанын атап өтті.
Бұл сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу заңнамасына тиісті түзетулермен бекітілген. Осы орайда бұл жұмыстың жергілікті жерлерде қаншалықты дұрыс ұйымдастырылғанын түсіну маңызды. Алматыда қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу қалай өтіп жатқаны туралы қала прокурорының міндетін атқарушы Назарбай Ибраймолдаев айтып берді.
«2021 жылы Алматы полициясы қылмыстық істер бойынша 30 225 процессуалдық шешім қабылдады, оның 24 708-і прокурормен келісіліп, бекітілді. Яғни, «прокурорлық сүзгі» азаматтардың құқықтарын бұзу санын 38% - ға азайтуға мүмкіндік берді», – деді Ибраймолдаев.
Кеңес аясында Әсет Исекешевке қылмыстық істерді жүргізудің жаңа форматы, қызметкерлердің жұмыс орындарын жабдықтау және өңделетін деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістері көрсетілді.
«Қазір Алматы полиция департаментінде қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу үшін 375 жұмыс орны жабдықталған. Е-форматты қолдану полицейлердің жұмысын ашық етеді, ал деректерді қорғау бойынша пайдаланылатын технологиялар қылмыстық істе құжаттардың бұрмалануына және ауыстырылуына жол бермейді», – деді Алматы ПД бастығы Қанат Таймерденов.
Электрондық формат қабылданатын шешімдерді келісу процесін жеңілдетуге және жылдамдатуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және тергеу сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Алматының жол қауіпсіздігін бақылау жүйесінің жұмысымен танысты. Жүйе Алматы ПД жедел басқару орталығына шоғырландырылған 2 мыңнан астам бейнекамерадан тұрады. Екінші мәселені талқылауға көшкен Әсет Исекешев полицияның сервистік моделін пилоттық режимде енгізу процесі еліміздің үш өңірінде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, Алматы еліміздің ең ірі қаласы болып табылады және мұнда пилотты іске асыруға жауапкершілікпен қарау маңызды.
«Құқық бұзушылықтың алдын алудың қазіргі заманғы жүйесін құру тәсілдері мен полицияның сервистік моделін ел Президенті жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия мақұлдады. Сондықтан сіздер полицияның сервистік үлгісі жұмысының негізгі қағидаттарын, ондағы әкімдіктің, басқа да мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың рөлін түсінулеріңіз қажет. Сіздер пилоттық аумақтың кейін мемлекет пен қоғамның әріптестігіне негізделген қаланың қауіпсіздік жүйесінің визиттік карточкасы болып табылатын Алматы қаласының бүкіл аумағында жинақталған тәжірибені тираждау үшін базалық аудан болатынын түсінулеріңіз қажет. Бұл ретте, қазірдің өзінде ең криминогенді аудандардағы қылмыстың нақты көрінісін қалыптастыру және бүкіл қала бойынша шаралар кешенін анықтау үшін сарапшылармен, құқық қорғау органдарының ардагерлерімен, жобалық кеңсе аясында сарапшылармен жұмысты күшейту қажет: қажет болған жерлерде бейнекамералар қою, учаскелік пункттер санын арттыру, патрульдеуді күшейту, жарықтандыруды жақсарту», – деп атап өтті Исекешев.
Ол құқықтық тәртіп деңгейін одан әрі арттыру бойынша сапалы жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Кеңеске Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқық тәртібі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди және Алматы қаласының құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.