«Жол, ескі үйлер және балабақша»: Алмалы ауданы тұрғындарын жиі мазалайтын проблемалар белгілі болды

23.05.2019 16:12

фото vse.kz

Бүгін «Алматы» телеарнасындағы «Әкіммен ашық әңгіме» жобасына Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімі Бекқали Торғаев қонаққа келеді. Әкім тікелей эфир арқылы тұрғындардың сауалына жауап береді. Телебағдарлама кешкі сағат 19.30-да басталады.

Айта кетейік, тұрғындар аудан әкіміне қоятын сауалдарын бір аптадан бері телеарнамыздың ресми сайтына жолдап жатыр. Оқырмандар бүгінде сұрақтарға дауыс беруде. Ең көп дауыс жинаған 5 сауал тікелей эфир кезінде әкімге қойылады. Қалғандарына жазбаша жауап берілмек.

Бүгінге дейін келіп түскен 30-ға жуық сауалдан байқағанымыз, Бостандық ауданының тұрғындарын негізінен жол мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы және көшелерді жарықтандыру, ескі үйлер жөндеу секілді мәселелер мазалайды екен.

Десе де, келіп түскен сұрақтардың ішінде ең көп дауысқа ие болғаны – аудандағы Жумабеков атты тұрғынның сауалы. Оны Қарасай батыр көшесі мен Назарбаев даңғылына өтетін жолда жолаушылар жолағының жоқтығын айтып шағымданған. Әзірге бұл сұрақ 190-нан астам дауыс жинап, көш бастап тұр. Сонымен қатар, Манас-Жамбыл-Шевченко-Байзаков көшесінің тұрғындары 65 жыл бұрын соғылған ескі үйдің тозығы жеткенін айтқан. Бұл сауал 134 дауыс жинап, екінші орынға жайғасқан.

Аталған сұрақтарға бүгін кешкі сағат 19:30-да «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде Алмалы ауданы әкімі Бекқали Торғаев өзі жауап береді.

Айта кеткен жөн, әкімге сауалды 23 мамыр сағат 15:00-ге дейін жолдауға болады. Үлгермеген жағдайда тікелей эфир кезінде +7 (727) 334 00 24 байланыс нөміріне қоңырау шалып немесе WhatsApp мессенджеріне (+7 777 046-33-33) хабарлама жібере аласыздар.