Президент білім, инфрақұрылым сынды саланы сөз етіп, апаттық жағдайда тұрған су қоймаларын сынға алды
Қалалардың көркі көңіл көншітпейді. Осылай сын айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімдеріне өздері басқарып отырған шаһарды жаяу аралауға кеңес берді. Бүгін Елордада елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы турасында кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға барлық өңірдің басшылары, мәслихат төрағалары, министрлер, қос палатаның спикерлері қатысты.
Әлеуметтік-экономикалық даму туралы кеңес 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашқан соң, бірден Премьер-министрге сөз берді. Әлихан Смайылов жаңа жылдан бері Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша іс-шаралар кешенін іске асырып жатқанын айтты. Нәтижесінде биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1 пайызға дейін төмендеген. Оның айтуынша, соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Сонымен қатар, 3 миллионнан астам адамның жалақысының көтерілгенін де атап өтті.
«Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 миллионнан астам адамның жалақысы өсті. Биыл ұлттық жобаларды іске асыру, жаңа өндіріс ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және вакансиялар есебінен 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі инфляцияның көтерілуін өзімізде өндірілетін тауарлардың аздығымен байланыстырды. «Біздің өнім ішкі нарықты қамтамасыз ете алмағандықтан импортқа тәуелді болып қалдық» дейді Президент. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоғын айтты. Сауда министрі Серік Жұманғарин биыл емес, 2025-2026 жылға дейін толығымен өз өзімізді қамтамасыз етеміз деп уәде берді.
«Жүйелі жұмысты қазір атқарып жатырмыз. Көкөніс қоймаларын салу кешенді жоспары бар. Кеше жиналысқа мемлекеттік органдарды шақырып, тапсырма бердім. Жоғарыда атап өткен кешенді жоспарға өзгеріс енгізу керек. Себебі ол мәселені толық шешпейді. Жоспар орындалған күнде де 500 мың тонна тапшылық болады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімдеріне шаһарды жаяу аралауға кеңес берді. Президент қалалардың көркі көңіл көншітпейтінін жеткізді. Мемлекет басшысы сондай-ақ білім, инфрақұрылым сынды салалар туралы сөз етіп, апаттық жағдайда тұрған су қоймаларын сынға алды.