Қазақстанда "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" наградталған аналар деген жаңа статус енгізіледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Мәжілістегі үкімет сағатында министр жаңадан әзірленген Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырды. Кодекстегі жаңашылдықтардың бірі отбасын әлеуметтік қолдау жүйесіне қатысты.
"Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі және олар "Алтын алқа", "Күміс алқамен" наградталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылады", - деді Дүйсенова үкімет сағатында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, президенттің тапсырмасымен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50%-ы көлеміндегі бастапқы капитал отбасыларға қосымша көмек көзі болады.