Су тасқыны: 54 мыңнан астам адам өз үйіне оралды

13.05.2024 в 16:13

Жағдай бақылауда

Атырау облысында Жайық өзенінің бойында ұзындығы 346,2 км бөген салынды. Бұл су тасқынына қарсы үйінді бөгендер Жайық өзенінің арнасынан шығуын тежейді және судың Каспий теңізіне қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні суды өткізу, алдын алу шараларын жүргізу үшін 37 елдімекенде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Құрманғазы ауданында 1 км бөген салу қалды. Салынған бөгендерді қосымша нығайту жұмыстары жүргізілуде, жұмыстар жалғастырылуда. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторнинг жүргізілуде, оның біртіндеп көтеріліп жатқаны байқалады. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет су бекеттеріндегі су деңгейі шектік белгідлен асып түсті. Жағдай бақылауда. Құлсары қаласында су басқан үйлерден су сору жұмыстары жалғастырылуда. Өткен тәулікте 66 044 текше метр су сорылды.

Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 333 070 текше метр еріген қар суы сорылып, 165 тұрғын үйден судың бағыты бұрылды, 111 құрғатылған үйде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Петропавл қаласының Борки кенті мен Карьерная көшесінде су басқан үйлер жоқ. Күн сайынғы  аэровизуалды тексеру және құрғатылған аумақты дезинфекциялау жұмыстары жалғастырылуда.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстары және Торғай өзені су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Өткен тәулікте Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 3 200 қапшық пен 217 тонна инертті материал төселді, ұзындығы 640 метр салынған бөгендер нығайтылуда.

Республика бойынша 18,5 млн еріген қар суы сорылып, 11 134 тұрғын үй мен 3 350 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 54 755 адам өз үйіне оралды. 5 291 адам уақытша орналасу пункттерінде қалуда.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 7 537 адам, 997 техника, 297 су сору құралы және 55 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.

Оқи отырыңыз: Петропавлда су тасқыны кезінде жоғалған адамның денесі табылды