Еліміздің қай жолдарында жол апаты жиі болады

30.07.2024 16:15

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтып берді

elements.envato.com

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында жол апаты көп болатын жолдарды атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір республикалық жолдардың тек 3% ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді (95 мың км-дің 3 мыңы). Осындай жолдарды жөндеген соң адам шығыны бірнешеге азайды», — деді министр.

Айтуынша, кейінгі 10 жылдың ішінде «Астана-Щучинск» жолында көлік апатының саны — 75-тен 12-ге дейін, «Астана-Теміртау» жолында 30-дан 18-ге дейін кеміген.

«Қала сыртындағы жолдар үлкен қауіп төндіруде. Олардың қазіргі жағдайы ауыр апаттарға әкеп соғуда. Бұл жүйелі проблема. Оны жол қауіпсіздігі аудиті кезінде анықтадық. Биыл әкімдер мен жол жөндеуге жауапты мекемелерге 24 мыңнан астам нұсқама жолданды. 3,5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Міндеттерін орындамағаны үшін жыл сайын 15-ке жуық қылмыстық іс тергеледі. Сонда да апаттар саны азаймай тұр. Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарының трассаларында адам өлімінің деңгейі жоғары», — деді Е.Сәденов.