Қазірге дейін әкімге тұрғындар тарапынан 40-тан астам сұрақ келіп түсті
Алматыдағы Әуезов ауданының тұрғындарын не мазалайды? Жергілікті жұрттың билікке назы бар ма?
Бұл туралы бүгін «Алматы» телеарнасынан кешкі сағат 19:30-да тікелей эфирде шығатын «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында айтылады. Эфир қонағы – Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев.
Тұрғындар әкімге сауалын эфир кезінде телефонға қоңырау шалу арқылы қоя алады. Сондай-ақ, сұрақтарды телеарнаның Almaty.tv сайтындағы «Әкіммен ашық әңгіме» айдарына немесе WhatsApp мессенджеріне қалдыруға болады.
Сұрақтарды қабылдау бүгін – 16 мамырда күндізгі сағат 15:00-ге дейін жалғасады. Мұнан кейін сайтқа келіп түскен сауалдардың бәрі түгел өңделіп, оқырмандардың ең көп даусын жинаған 5 сұраққа тікелей эфир кезінде әкімнің өзі жауап береді. Ал, қалған сұрақтарға 10 жұмыс күні ішінде әкімдік өкілдері жазбаша жауап береді. Сұрақтардың жауабы Almaty.tv сайтында жарияланады.
Айта кетейік, тұрғындар тарапынан сайтқа келіп түскен сауалдарға дауыс беруге болады.
Қазірге дейін Әуезов ауданы әкіміне тұрғындар тарапынан 40-тан астам сұрақ келіп түсті. Тұрғындарды негізінен тозған жолдар мен ойын алаңдарын, көлік тұрағын жөндеу және Сайран көлінің қоғамдық тәртібі, сондай-ақ ТКШ мәселесі алаңдатады екен.