Ақтөбеде 13 жастағы қыз жүкті болып қалды

stan.kz
stan.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында ерте жүктілік белең алып барады. Аймақ дәрігерлері осылай деп дабыл қағып отыр. Мәселен, жуырда ғана ауыраяқ болып қалған 13 жастағы жасөспірім гинекологқа қаралуға келіпті.

Өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында осындай 100-ден астам факті тіркелген. Құрсағына ерте бала біткендердің дені қала мектептері мен колледждерінде оқитын қыздар екен. Ең қиыны, олардың 70 пайызы толыққанды отбасында тәрбиеленіп жатқандар. Сонда, жас қыздардың бесіктен белі шықпай жүкті болып қалуларына не себеп? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жүкті болып қалған оқушы қыз гинекологтарға қаралуға өз аяғымен келген. Алайда, дәрігерлер жанында ата-анасы жоқ жасөспірімді тексеруге құқығымыз да жоқ дейді. Сондықтан консультация бергеннен кейін, тұрғылықты жері бойынша қаралуға жіберген. Алайда, көп жағдайда 13 жастағылардың ағзасының даму ерекшелігіне қарай жүктілігін сақтап қалу мүмкін емесін ескертеді.

«Маған қаңтарда 14-ке толатын қыз келді. Қасында анасы болмағандықтан тексерген жоқпын. Тек тұрғылықты мекенжайы бойынша барып дәрігерге қаралуын өтіндім. Мен тек кеңес бердім. Ол қыздың босанатынын-босанбайтынын мен шешпеймін», – дейді гинеколог-дәрігер Гүлнәр Жанбосынова.

Статистиканы сөйлетсек, аймақта  2017 жылы жасөспірімдер арасында 105 жоспарланбаған жүктілік жағдайы тіркелсе, өткен жылы  101 дерек болған. Оның дені  қала мектептері мен колледждерінде оқитын қыздар. Ал егер әлеуметтік жағдайы тұрғысынан алып қарасақ, 101 деректің ішінде жасөспірімдердің 73 пайызы  әке-шешесі бар, толыққанды отбасында тәрбиеленген қыздар. Психолог бұл мәселеде қыздың отбасында әкенің махаббатын сезініп өспеуі де басты себептердің бірі болатынын айтады.

«Әкеден ондай жақсы көруді көрген жоқ. Жігіттерден сондай іс-әрекет, «Мен сені жақсы көремін» деген ұсыныс түскенде қыз бала оған қалай жауап қайтарарын білмей қалады. Бала мұны бірінші рет естіп тұр. Ең бастысы, қыз бала әкесінен, үйден жақсы көретін, қыз баланың бойында қандай қасиетті бағалау керегін, ер баланың бойында қандай қасиетті бағалау керегін әкесінің қарым-қатынасы арқылы үйренеді», – дейді психолог Арайлым Амангелдіқызы.

Ал көпшілік болса «қызым үйде, қылығы түзде» екенін естен шығармаған жөн деп санайды. Үйдегі тәрбиенің де маңызды роль атқаратынын айтады.

Өткен жылы дәрігерлер ақылдаса келе, аяғы ауыр 14 жастағы екі жасөспрімінің де босануына тыйым салып, жүктілікті тоқтатқан. Өйткені, жас ағза көтере алмайтын болғандықтан осындай шешім шығарған. Соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын 14 жастағы оқушы аман-есен босанған. Өмірге егіз әкелген. Жасөспірімдер гинекологы Салтанат Тобылбаева оның дін жолына түскен қыз екенін айтты.


Новости партнеров