Ұлттық қор ақшасы – балаларға: Мәжіліс заң жобасын қарауға алды

www.gov.kz
www.gov.kz
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы шоттарында жинақталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы шоттарында жинақталады. Заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады. Бастаманың орындалу барысы бүгін Мәжілісте қаралды. Төменгі палата депутаттары маңызды құжатты талқылап, жәрдемақы мәселесіне қатысты бірқатар маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының іске асырылатыны жария болған соң, оның төңірегінде қаражаттың бөліну тәртібі, жұмсалуы, мүмкіндіктері сынды сан сауал туындады. Бекітілген заң жобасы бүгін Мәжіліс қарауына түсті. Құжатты таныстырған депутат біркелкі үлестірелетін қаржының тәртібін түсіндірді.

– Заң жобасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтары кәмелетке толған кезде тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе жинақ есебінен білім алу мүмкіндігі аясында жас ұрпақты қолдау. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Тәкиев

Мәжіліс қарастырған тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан мен Түркия арасында кеден рәсімдерін жеңілдету. Ендігі жерде бауырлас елдер ақпарат алмасу тәртібін де оңайлатуға уағдаласты. Аталған келісімге қос тарап 10 мамырда қол қойған. Бұл екі ел шекарасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті жеңілдетпек. Өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыруға және мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік туады.

– Бұл жоба аяқталғаннан кейін тараптардың кеден органдары мәліметтерді алмасуды тұрақты негізде бастайды. Жалпы келісім жобасы тараптар арасында кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және оңтайландыруға бағытталған. Сондықтан келісімді ратификациялау еліміз үшін теріс әрекеттерге әкеп соқтырмайды, – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Мәжілісмендерді Аралдың тағдыры да алаңдатады. Қазір алып айдын суына бөлінген лимиттің сақталуын ешбір орган қадағалап отырған жоқ. Осылай деп дабыл қаққан бір топ халық қалаулысы бүгін Үкімет басшысының бірінші орынбасарына сауал жолдады. Олардың айтуынша, соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. «Мұның зардабын бүгінде балықшылар тартып отыр»  деді Мархабат Жайымбетов. 3 мыңға жуық адам күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цехтің уақытша тоқтап қалу қаупі барын жеткізді.

– Мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» мәртебесін беруге қатысу маңызды. Себебі Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады. «Қараөзек» арнасы бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспасын қалпына келтіру маңызды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов.

Елге қайтарылған активтерді басқару бойынша арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады. Аталған заң жобасы да бүгінгі Мәжіліс қарауында қолдау тапты. Бастама Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Новости партнеров