Оқиға 2 сәуір күні Жетісай қаласы А.Қалыбеков көшесінің № 57 тұрғын үйдің жанында болған
Жетісай қаласында жас бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалған 11 жастағы батыр Бекназар Мейрамбек генерал-майор В. Беккердің алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды «Отырар».
Ол – Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласының Шохан Уәлиханов атындағы №2 орта мектебінің 5 «а» сынып оқушысы.
Оқиға былай болған: 2 сәуір күні кешкі сағат 19:40 шамасында Жетісай қаласы А.Қалыбеков көшесінің № 57 тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген 2 жасар сәби кенет сол маңда орналасқан кәріз құдығына құлап кетеді. Ал сол маңда Мейрамбек те жүрген болатын, ол құлаған баланы көре салысымен дереу құдыққа жүгіріп келген. Қараса, құдықтың іші 1 метрден аса лас су, бүлдіршін мүлдем көрінбеген. Осы мезетте Мейрамбек еш ойланбастан, дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, суға басын тығып кішкентай бүлдіршінді қолымен іздеп тауып, суға тұншығып жатқан 2017 жылы туған 2 жасар бүлдіршінді көтеріп алып, құдықтан шығарады. Осылайша 11 жасар Мейрамбек Бекназар өзінің батылдығын, қайсарлығының арқасында 2 жасар бүлдіршіннің өмірін аман алып қалды.
Осы ерлігі үшін 25 мамыр – соңғы қоңырау жиынында Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар Комитетінің төрағасы генерал-майор В.Беккердің алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Жиын барысында Департамент басшысы Н.Жүнісов М.Бекназарға ерлігі үшін және ата-анасына, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне батыр бала тәрбиелегендері үшін өз атынан алғысын білдіріп, М.Бекназарды бағалы сыйлықпен марапаттады.
Жас батыр Мейрамбек Бекназар 21.03.2008 жылы қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. Отбасында 7 ағайынды, ата-анасының екінші перзенті.