Жақып Асанов әріптестеріне түсінікті тілде баяндама жасауды ескертті
Сот жүйесінің 2018 жылғы жұмысының қорытындысына арналған ел судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов әріптестеріне түсінікті тілде баяндама жасауды ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы отырыстың алдында 10 күн бұрын баяндама жасаушыларға тиісті ұсыныстарды жасадық. Яғни, сөз сөйлейтіндерге жаңа форматты енгіздік. Отырыс онлайн режимде үлкен аудиторияға таралады. Сондықтан құрғақ есептер мен көрсеткіштер керек емес. Баяндамалар көпшілікке түсінікті болуы тиіс. Әсіресе, бүгінгі отырысты онлайн көріп отырған адамдарға ұғынықты болуы керек», - деді Жақып Асанов.
Осы орайда ол саладағы өзекті мәселелер бойынша қылмыстық, кассациялық, азаматтық және мамандандырылған алқа төрағалары баяндама жасайтынын атап өтті.
«Олардың алдына үш нақты мәселе қойып отырмыз. Біріншіден, кассациялық алқа төрағалары ретінде төменгі соттар шешімдерінде қандай оңтайлы әрі теріс жағдайларды көріп отырсыздар? Өткен жылдағы сот төрелігіне қатысты қандай баға бересіздер? Екіншіден, төмен тұрған соттарда өздеріңіздің бағыттарыңыз бойынша сот төрелігі сапасын көтеру үшін нендей үлес қоса алдыңыздар? Үшіншіден, соттарға сенім деңгейін көтеру үшін 2019 жылы қандай шараларды іске асыруды ұсынар едіңіздер?», - деді Ж. Асанов.