Емхана қызметкері сәбидің өлімінің себебін анықтамақ болған тілшілерге тап беріп, жұдырық ала жүгірді (видео)

10.04.2019 16:19

Ол тілшілерге қайтып келіп, дөрекі мінез танытты

Túrkistan

Бір жасар қыздың өлімін анықтамақ болған тілшілердің талпынысы төбелеспен және полицияға жазылған шағыммен аяқталды. Оларға емхананың заңгері жұдырық ала жүгірген, деп хабарлайды Stan.kz.

Оқиға Көкшетау қаласындағы емханада орын алған. Ол жерге тілшілер қайтыс болған қыздың анасы және әпкесімен бірге келіпті.

Сәби қызылшаға қарсы екпе салынғаннан бірнеше сағат өткеннен кейін қайтыс болған екен. Сараптама нәтижесіне сәйкес, қыз баланың өліміне пневмония себеп болыпты. Сәби екпеге дейін бронх қабынуымен ауырған.

Емхана заңгері Ерболат Темірбеков бастапқыда оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Аталған факті бойынша қазір ешқандай мәлімет берілмейді. Себебі тергеу аяқталғанға дейін кінәлілердің немесе кінәнің анықталатын-анықталмайтынын ешкім айта алмайды», - дейді заңгер.

Артынша ол тілшілерге қайтып келіп, дөрекі мінез танытты. Ол аяқ астынан тілшілерге тап беріп, жұдырық ала жүгірген.

Ер адамды әріптестері тыныштандыруға тырысты.