Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған азаматтың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталатын болады
Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен облыс орталығындағы екі дүкенді тонаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«24 қаңтар және 7 ақпан күндері Талдықорған қалалық Полиция басқармасына дүкен иелерінен электрлік құралдың және екі аяқ киімнің қолды болғаны туралы арыз түсті. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-тармағына сәйкес іс қозғалды. Сыртқы бейне бақылау камераларының жазбаларын зерделеп, тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, құрықтады. Қылмысқа қатысы бар тұлғаның өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бұған дейін екі мәрте жауапкершілікке тартылғаны, сондай-ақ есірткі заттарын дайындау және сақтау дерегі үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабының 2-тармағына сәйкес 2014 жылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Текелі қаласының 26 жастағы тұрғыны екені анықталды. Күдіктінің криминалды өткенін ескере отырып, сот оны қамаққа алуға санкция берді», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған азаматтың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталатын болады.