Жиынға келгендер көп балалы аналарға қатысты өзекті сұрақтарды көтерді
Көп балалы аналардың мәселесін шешуде барлық құзырлы органдарды жұмылдырылу керек. Бұл туралы «Отбасы – бақыт мекені» атты дөңгелік үстелде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға келгендер көп балалы аналарға қатысты өзекті сұрақтарды көтерді. Сонымен қатар, тәжірибелерімен де бөлісті. Басқосу «Дағдарыс орталығы одағы» Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған.
«Шешімін таппаған көптеген мәселелер бар, сондықтан әлі жұмыс көп. Іс-шарада өзіміздің тәжірибемізбен бөлісіп, бірнеше ұсыныс жасадық. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға бізбен тығыз байланыста болуларын да ескере кеттік. Себебі қоғам заңдық тұрғыдан сауатсыз екендігі рас және оларда қандай да бір құрылымға жүгінуге қорқыныш сезімі бар. Ал біздің орталық сол қорқынышпен күреседі», - деді «ADANAZ» компаниясының директоры Жандай Сана.
Биыл «Атамекеннің» «Бастау» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданынының өзінде 300-ге жуық адам оқытылып, оның ішінде 78-і 500 мың теңге көлемінде грант иеленген. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» орталығының аясында «Іскер ана» бағдарламасы жүзеге асқан. Аталған бастама арқылы көп балалы аналар оқып, өз жобаларын жасап, грантқа ие болды. Келесі жылы «Бақытты отбасы» орталығы жәрдемақы төлеу мәселесін қайта қарастыруды және көп балалы аналармен қатар, көмекке мұқтаж отбасыларды да қамтуды жоспарлап отыр.