Жазушы-драматург, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтің жары Нұрғайша Жармұқамедова өмірден өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Нұрғайша Жармұқамедова жеңгеміз қайтыс болды деген қаралы хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Ол кісі ешқандай ауырып жүрген жоқ болатын, бүгін таңертең жүрегі ұстап қалды дейді.
Жақында ғана көкемізге сәлем беруге үйге барғанда жарқылдап жүріп қарсы алып, сексенге келсе де сергектігін көрсетіп, келіндерден бетер жүгіріп, дастарханын жайып, шығарып салып еді.
«Екеуміз 56 жыл отасқан едік, жайымның барлығын жасайтын еді, енді менің жағдайымды кім ойлайды?! Ешқандай ауыра қоймаған еді, аяқ астынан тастап кете барды. Екеуміз биыл сексен жасымызды тойлаймыз деп, жоспарлап жүрген едік», – деп қамығып отырған Дулат көкемізді қалай жұбатудың өзі қиын болды.
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Қара орман халқыңыз бар, қалың қазағыңыз бар қайғыңызды бөлісетін, Дулат көке, бекем болыңыз.
Марқұмның отбасына, асыл жары, қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабековке, ұлдары мен қыздарына, туған-туыстарына, ағайындарға көңіл айтамыз», – деп жазды Қазыбек Иса.