Қазақстанда балалар аттракциондарының жұмысын реттеу ережесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сенбі күні Президент Әкімшілігінің басшысы Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, ұлттық палата өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өткізді. Бір аптаның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ережесін әзірлеуге тапсырма берілді. Біз өз ұсынысымызды әзірледік, жұмыс тобының құрамына кірдік. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бұл ережені соңына дейін аяқтау тапсырылды», - деді ол Үкімет отырысы аясында ұйымдастырылған брифингте.
Оның атап өтуінше, аттракциондарды пайдалануға бақылау жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
«Кеден одағының техникалық регламенті бар. Онда оның (баттуттың) қайда және қалай орналастырылуы керектігі нақты жазылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ережені әзірлейді. Негізінен ол техникалық регламентте көрсетілген талаптарды қамтиды және орын алған жағдайды ескере отырып қосымша талаптар болады», - деді В.Беккер.
Естеріңізге сала кетейік, 26 мамыр күні Қарағандыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында батут аударылып қалған болатын. Оқиға салдарынан 11 жасар бала көз жұмды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Соңынан батутты дұрыс орнатпаған азамат қамауға алынды.