Қарағандылық вундеркинд бала әлем тарихы мен картасын жатқа біледі

14.01.2020 в 16:23

Ол төрткүл дүниенің тулары мен мемлекеттер астанасын, тіпті, президенттерін жаңылмай айтып бере алады

Қарағанды қаласында Қазақстан және дүниежүзі тарихынан мол мәлімет білетін вундеркинд бала тұрады. Ол жылдар мен тарихи оқиғалар туралы жаңылмай айтады. Небәрі 2-сыныпта оқитын оқушы Арсен Тәпенов әлем картасын да зерттеп, астаналарын жаттап алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арсен Тәпенов мұндай сауалдарға осылайша оңай жауап береді. Төрткүл дүниенің тулары мен мемлекеттер  астанасын, тіпті, Президенттерін жаңылмай айтып бере алады. Әлем картасындағы елдердің географиялық орналасуын еш қиналмастан көрсетеді. Өренді өзгелерден даралап тұрған ерекше қабілетін алғаш ата-анасы байқаған.

«Бірінші рет әлем картасын көргенде «бұл не?» деп сұрады. Сосын біз түсіндіріп бердік. Одан кейін қызығушылығы аса түсті. Сосын тіпті біз білмейтін сұрақтар қоя бастады», – дейді Арсен Тәпеновтің анасы Аян ТЕЛМАНҚЫЗЫ.  

Ерекше талантты баланың Қазақстан және дүниежүзі тарихына деген қызығушылығы өте зор. Кішкентайынан өзге жеткіншектер секілді доп қуып, далада асық ойнағаннан гөрі, үйде отырып кітап оқығанды жаны сүйеді. Сыйлыққа ойыншық емес, әлем картасы мен глобусты алғанды жақсы көреді. Ойы ұшқыр Арсен – озат оқушы. Мұғалімі оның есте сақтау қабілеті ерекше дейді. Арсен көзбен көріп, естігендерін лезде жаттап алады. Енді ол білім алатын мектеп мұғалімдері мұндай дарынды талапкердің таудай талабын одан әрі дамытуды көздейді.

«Сабақ өткен кезде дауысты, дауыссыз түрлерін ажыратып, дауыссыз дыбыстардың үш топқа бөлінетінінін, қайсысына қанша әріп жататынын мүдірмей айтып беріп отырды. Мен сол тұста таңқалдым», – дейді Арсен Тәпеновтің сынып жетекшісі Күлзира ИБРАЕВА.

Басты арманы – білікті маман атанып, әлемді аралау. Білімімен қазақтың атын әлемге әйгілеуді көздейді. Инновациялық технологиялардың қыр сырын зерттеуді де зерек бала жоспарлап қойған.

«Әлем мемлекеттерінің туларын анықтау бойынша бір тест тапсырды. Сонда 100 сұрақтың 98-іне жауап берді. Өзі айтады екі туды танымайды екенмін, себебі олар жаңадан пайда болған тулар екен дейді», –– дейді Арсен Тәпеновтің анасы Аян ТЕЛМАНҚЫЗЫ.    

Әлемді тану үшін бірнеше тілді жетік меңгеру керектігін Арсен  жақсы түсінеді. Сондықтан қазір ағылшын тілін тереңнен оқытатын курстарында білім алып жүр.  Нәтижесі жаман емес. 5 елдің әнұранын жаттап алыпты.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Теги: Қарағанды