Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты
Алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Парламенттік кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру – маңызды екенін анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай кезде бей-жай бқалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауы барысында қазіргі күрделі жағдайда ел алдында тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұратылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екенін айтты.
«Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын. Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұратылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған, миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Оған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мұндай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен біржолғы аржылай көмекке ие болды»,– деді Мемлекет басшысы.