Алматыда «Бақытты отбасы орталықтары ашылғалы 5000 ана тіркелген

29.10.2019 16:25

Сондай-ақ 1500 адам психологиялық, 1600 адам құқықтық көмек алып, 3 мыңнан астам отбасы азық-түлікпен және киіммен қамтамасыз етілген

Алматыдағы аналарға арналған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтары жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ашылғалы бері 5 мыңнан астам аз қамтылған және көпбалалы аналар тіркеліп, 1156 қысқа мерзімді курстарға қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ 1500 адам бұл орталықтан психологиялық, ал 1600 адамға құқықтық көмек алған. 3 мыңнан астам отбасы азық-түлікпен және киіммен қамтамасыз етіліп, біржолғы қолдау алды. Айта кетсек, «Бақытты Отбасы» орталығының мақсаты – аз қамтылған көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту.

«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аналарға арналған әлеуметтік орталықтарды қаладағы 8 ауданда ашуды тапсырған болатын. Мұнда көпбалалы аналар көптеген мәселелер бойынша келеді. Әсіресе атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу ісімен тұрғындар көптеп жүгініп жатады. Оларға жан-жақты қолдау жасалып, көмек көрсетілде. 2017-2021жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көпбалалы аналарды жұмыспен қамту ісі де қарастырылған», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы «Baqytty Otbasy» орталығының басшысы Ақнұр ЖҰМАБАЕВА.