Заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінде де қателіктер анықталған
Бүгінгі Сенат отырысында Бейбіт жиындар өткізу жөніндегі заң жобасы қаралып, оны әлі де толықтыруды қажет ететіні айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиын барысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сәрсенбай Енсегенов бұл заң жобасын толықтыру қажет екенін айтты.
«Осы жылдың 11 мамыры күні комитеттің отырысы өтті. Бас комитет Сенаттың заңнама, редакциялық баспа бөлімдерімен бірлесе отырып заң жобасының жекелеген баптарына өзгерістер мен толықтырулар қажет деген тоқтамға келді», – деді ол.
Оның айтуынша, ұсыныстардың бір тобы заң жобасының 2-тармағындағы бейбіт жиналысты ұйымдастырушының міндеттері мен осы баптың 3-тармағындағы бейбіт жиналысты өткізу кезінде тыйым салу негіздерін қамтиды. Сонымен бірге 6-баптың 3-тармағындағы бейбіт жиналысқа қатысушының әрекетіне тыйым салу тармақтарына қатысты болған.
«Заң жобасында бейбіт жиналысқа қатысушылардан өз бетін бүркемелемеуін, оның ішінде бет әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек және өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету ұйымдастырушыға мінет етіп жүктелген. Комитет ұйымдастырушыға міндет етіліп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі бейбіт жиынға қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Осыған байланысты жиынға қатысушыларға жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға құқық беретін толықтыру ұсынылып отыр», – деді Енсегенов.
Сонымен қатар, ол бейбіт жиындар өткізу үшін арнайы орындар белгілеу мен оған қатысушылар санына қатысты сұрақтар туындағанын жеткізді.
«Осы мәселені комитет қарап, астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетін қалалар мен олардың құрамына кіретін аудандарда арнайы орындар міндетті түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиіс деген тоқтамға келді. Бұл жиналыстар, митингілер, тосқауылға қатысушылардың көрініуі мен естілуіне және оларды өткізу мүмкіндігін арттырады», – деді ол.
Сонымен қатар, ол заң жобасының бейбіт жиналысты өткізуден бастарту негіздерін айқындайтын 14-баптың 1-тармағындағы 10-тармақшасын алып тастау ұсынылғанын айтты.
«Біздің ойымызша, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде тіршілікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгілеген кезде қаралуы тиіс. Сондай-ақ, кейбір мағынасы жағынан жақын тармақшалар біріктірілді. Бұл заң қаралу кезінде сенаттар тарапынан 30-ға жуық түзету жолданған еді. Олардың жартысына жуыға қабылданды», – деді ол.
Сөз арасында ол, заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінде қателіктер анықталғанын да жеткізді.
«Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында олар түзетілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған бастапқы заң жобасында лингвистикалық сараптама жүргізу барысында 422 қате анықталған. Бұған көңіл аудармай кетуге болмайды», – деді ол.