Тәртіп сақшылары Пестрое көлінде тексеріс жүргізген
Петропавл қаласының полицейлері Түркістан облысында жоғалған төрт жасөспірімді тапты, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары Пестрое көлінде тексеріс жүргізген. Сол кезде ата-анасыз жүрген төрт баланы анықтады.
16 жастағы бір жасөспірімнің анасы Шымкент қаласында баласының жоғалғаны туралы полицияға арыз түсірген. Сөйтсе, бозбала кәмелетке толмаған тағы үш танысымен бірге елді аралауға бел буып, Солтүстік Қазақстанға дейін жеткен.
"Төрт бала да кәмелет жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығына жеткізілді. Ата-аналарына хабар берілді", - дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Садулов.
Оның айтуынша, Пестрое көлінде кәмелет жасқа толмаған тағы бір бала анықталды. Ол үйінен қашып кеткен. 12 жастағы бала үйіне қайтарылды.
Айта кетері, 15-19 шілде аралығында Петропавл қаласында "Қауіпсіз жаз" акциясы өткізіліп жатыр. Осы уақыттың ішінде жеті адам кәмелет жасқа толмаған балаларды түнгі уақытта далаға жібергені үшін жауапқа тартылды.
Дереккөз: Sputnik