Жер сілкінісі: қай өңірлерде газ құбырларының жарылу қаупі бар

01.02.2024 16:27

Бұл туралы мамандар айтып берді

elements.envato.com

« ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еліміздің оңтүстік өңірлерінде газ құбырларының жарылу қаупі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтыған жер сілкінісіне байланысты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ құбырларының жарылуы мен газдың ауаға таралуы сияқты қауіп туындап отыр. Бұл өңірлерде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары жер дүмпуі орын алған сәттен бастап газ құбырлары мен жабдықтарын мұқият тексеріп жатыр. Жер сілкінісінің алғашқы күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қайнар елдімекенінде орташа қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға таралып жатқаны анықталған. Соның салдарынан Ордабасы ауданының 7 елдімекеніне газ беру уақытша тоқтатылып, шұғыл түрде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар көп ұзамай көгілдір отынмен қайта қамтамасыз етілді», - деп атап өтеді компаниядан.

Жер сілкінісінен кейінгі алдын алу жұмыс ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тағы әріптестерімен бірлесіп, Алматы өндірістік филиалының газ тасымалдау және тарату жүйелерінің, жерасты газ құдықтарының жағдайын тексерістен өткізген.

«Осындай шұғыл іс-қимылдардың арқасында кеше Алматыда газдың ауаға таралуын жедел анықтайтын «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы орташа қысымды жерасты газ құбырынан газдың ауаға таралып жатқанын анықтады. Газ құбырындағы ақауды қалпына келтіру үшін 170 жеке үй көгілдір отыннан уақытша ажыратылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары түні бойы барлық шұғыл жұмыстарды атқарып, таң ата абоненттерге қайтадан газды қоса бастады. Осылайша ауаға газ тарағаны анықталған жағдайда ақаулы орынды жөндеу үшін сол аумақтағы газ тұтынушылары уақытша «көгілдір отыннан» ажыратылады. Газдың ескертілмей өшірілуіне, яғни мұндай мәжбүрлі түрде ажыратылуына тұрғындардан түсіністікпен қарауды өтінеміз», - деп нақтылайды мекемеден.